Accessibility links

"Ақ қасқырлар". Өзбекстан футболы жетістігінің сыры неде?


Өзбек ойыншысы Абдукодир Хусанов (2) пен БАӘ ойыншысы Луанзиньо (21) әлем кубогына іріктеу ойынында. 5 маусым, 2025 жыл.
Өзбек ойыншысы Абдукодир Хусанов (2) пен БАӘ ойыншысы Луанзиньо (21) әлем кубогына іріктеу ойынында. 5 маусым, 2025 жыл.

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына Өзбекстан құрамасының жолдама алғанына жастар футболының қандай қатысы бар? Өзбекстан футболы жетістігінің себебіне үңілдік.

"ӘЛЕМДІК АРЕНАҒА ҚОШ КЕЛДІҢІЗДЕР"

Өзбекстан Азия құрлығында Иран, Катар, БАӘ, Қырғызстан, Солтүстік Корея бар топтан екінші орын алып, 2026 жылғы әлем кубогына лицензия иеленді. Өзбек футболшылары тоғыз ойынның бесеуінде жеңіп, үшеуінде тең түсіп, бір ойында жеңілген. Осы нәтиже ұлттық команданың әлем чемпионатына шығуына жеткілікті болды. Бұл топтан Өзбекстаннан бөлек Иран да әлем чемпионатына қатысады.

Өзбекстан әлем чемпионатына шығуға бірнеше рет өте жақын болған еді. Мәселен, 2014 жылғы әлем біріншілігінің іріктеуінде Иран, Оңтүстік Корея, Қатар, Ливан бар топта жолдамаға таласқан. Оңтүстік Кореямен бірдей ұпай жинап, тек доп айырмашылығымен жол берген. Бір гол артық салған Оңтүстік Корея әлем кубогына жолдама алып кеткен еді. Ал Өзбекстан қосымша іріктеу ойынын ойнаған. Бірақ Иорданиямен қосымша жолдамаға таласта пенальтиден жеңілген. Міне, араға он жылдан аса уақыт салып, өзбек футболшылары мақсатына жетті. Енді олар әлем кубогында доп тебеді.

Өзбекстан әлем чемпионатына жолдама алған сәтте FIFA (Халықаралық футбол федерациясы) президенті Джанни Инфантино өзбек құрамасын жетістігімен құттықтап, "әлемдік аренаға қош келдіңіздер" деді.

FIFA-ның әлем кубогына қатысушылардың санын арттыруы да көп елдің дүбірлі додаға қатысуына жол ашты. Осыған дейін әлем чемпионатына 32 ел қатысып келсе, енді 2026 жылдан бастап 48 ел ойнайды. Бұрын Азия құрлығына 5 квота берілетін, енді 9 квота бөлінді. Осы реформа Өзбекстан, Иордания сынды елдердің әлем кубогына жолдама алуына жол ашты.

Дегенмен қандай формат болмасын Өзбекстан футболы жақын арада әлем чемпионатына жолдама алатынына Орталық Азия фанаттары сене бастаған. Себебі бұл елдегі жастар футболының жетістігі жанкүйерлерге осындай сенім ұялатқан.

ӨЗБЕК ЖАСТАРЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ

Өзбекстанның жасөспірім мен жастар құрамасы 2010 жылдан бастап Азия мен әлемде жетістікке жете бастады. Мәселен, 16 жасқа дейінгі құрама 2012 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алды. 20 жасқа дейінгі құрамасы 2023 жылы Азия біріншілігінде топ жарды. Одан соң 2023 жылы Азия ойындарында қола жүлде иеленді. Ал 2024 жылы Париж олимпиадасына қатысты.

Биыл Сауд Арабиясында өткен 17 жасқа дейінгі Азия чемпионатында Өзбекстан жасөспірімдері чемпион атанды. Финалда екі ойыншысы алаңнан қуылса да, 9 ойыншымен жүріп Сауд Арабиясын 2:0 есебімен жеңіп кетті.

Өзбекстан құрамасы Азия ойындарында қола медаль алған сәт. Қытай, 7 қазан, 2023 жыл.
Өзбекстан құрамасы Азия ойындарында қола медаль алған сәт. Қытай, 7 қазан, 2023 жыл.

Өзбекстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2011, 2013, 2023 жылдары әлем чемпионатына қатысқан. 2023 жылы 1/8 финалда Англия командасын 2:1 есебімен жеңіп, ширек финалға дейін жеткен (бұл кезеңде Франциядан 0:1 есебімен жеңілді).

Өзбек жасөспірімдері биыл қарашада Қатардағы әлем кубогына барады. 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы 2003, 2009, 2013, 2015, 2023 жылдары әлем чемпионатында ойнаған. Міне, осы жасөспірімдер мен жастар құрамасында ойнаған футболшылар енді ұлттық құраманы әлем кубогына шығарды.

Абдукодир Хусанов - Англияның "Манчестер Сити" клубының ойыншысы. 23 ақпан, 2025 жыл.
Абдукодир Хусанов - Англияның "Манчестер Сити" клубының ойыншысы. 23 ақпан, 2025 жыл.

Қазір бұл елдің екі футболшысы Еуропадағы гранд клубтардың ойыншысы. Абдукодир Хусанов Англияның "Манчестер Сити" командасында, Елдор Шомурадов Италияның "Рома" командасында өнер көрсетіп жүр.

АЗИЯ МА, ӘЛДЕ ЕУРОПА МА?

Өзбекстанның әлем кубогына жолдама алғаны Қазақстанда "Азия құрлығына қайта оралу керек пе?" деген дискуссияны қыздырды. 2002 жылы Қазақстан футболы Азия футбол қауымдастығынан Еуропа құрлығына (УЕФА-ға) ауысқан. Қазір Қазақстан Еуропа құрлығындағы аутсайдер құраманың бірі.

Кейбір жанкүйер Қазақстан Азияда қала бергенде әлем кубогына жолдама алар еді дейді. Бұған қоса, Азиядағы футболдың деңгейі мен инфрақұрылым Еуропадан төмен дейтіндер де бар.

Өзбекстан құрамасы әлем кубогына жолдама алған күні, яғни 5 маусымда Қазақстан Беларусь құрамасымен жолдастық ойын өткізіп, 1:4 есебімен жеңілді. Осы матчтан соң Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев былай деген:

"Меніңше, УЕФА әлдеқайда бәсекеге қабілетті, бұған қоса Қазақстанға Франция сияқты құрамаларды әкеле аламыз. Біз Мбаппе және басқа да әлемдік деңгейдегі футболшыларды "Астана Аренаға" әкеле аламыз. Біраз уақыттан соң Бельгия құрамасымен Лукаку бізге келеді. Сондықтан УЕФА-да ойнағанымыз ел үшін құнды".

Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев.

Бас бапкердің Килиан Мбаппе, Ромелу Лукаку "Қазақстанға келеді" деген сөзі ел ішінде де, Өзбекстанда да сынға ұшырады. Кейін Әлиев бұл сөзіне байланысты тағы да пікір білдірді.

— Әлем чемпионатында ойнау керек деген пікірмен толық келісемін. Азияда не УЕФА-да болу керек дегенді айтып тұрған жоқпын. Мұны басшылық шешеді. Біз спорт жағына жауап береміз... Бірақ басты жайт – қазір Қазақстан футболы УЕФА-дан ақша алып отыр. Біраз жылдан бері УЕФА-дан ақша алып келеді. Яғни, УЕФА ақша бөледі. Азия футбол қауымдастығы ел футболының дамуына деп ешқашан ақша бөлмеген. Не айтып тұрғанымды түсінесіз бе? — деген еді бас бапкер журналистерге.

Қазақстан ойыншылары (сары форма киген) әлем кубогына іріктеу кезеңде Солтүстік Македонияға қарсы ойнап жатыр. Астана, 9 маусым, 2025 жыл.
Қазақстан ойыншылары (сары форма киген) әлем кубогына іріктеу кезеңде Солтүстік Македонияға қарсы ойнап жатыр. Астана, 9 маусым, 2025 жыл.

"Қазақстан Азияға оралуы керек пе?" деген дискуссия ұлттық команда ойсырай жеңілген кезде және Өзбекстан, Қырғызстан құрамалары Азияда жетістікке жеткенде жиі болады. Бірақ Қазақстан футбол федерациясы бұл дискуссияға араласа бермейді. Қазір Қазақстан УЕФА-да әлем кубогы жолдамасына таласып жатыр. Үш ойында Солтүстік Македония (0:1) мен Уэльстен (1:3) жеңіліп, Лихтенштейнді (2:0) жеңген. Алда топтағы фаворит Бельгиямен ойнайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG