Он екі елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салатын Трамп жарлығы күшіне енді

АҚШ президенті Дональд Трамп

9 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамптың 12 мемлекеттің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салатын жарлығы күшіне енді. Тыйым салынған елдер тізімінде Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго Республикасы, Экваториалды Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен бар.

Бұған қоса Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Түркіменстан және Венесуэла азаматтарына АҚШ-қа кіру ережелері қатаңдатылды.

Өткен жұма күні жарияланған түсіндірмелерге сәйкес, бұған дейін берілген АҚШ визалары күшінде қалады және олардың иелеріне АҚШ-қа кіруге рұқсат етіледі. Алайда аталған елдердің азаматтарынан (егер олар ерекше санатқа жатпаса) жаңа виза алуға өтініш қабылданбайды.

Трамптың бұл жаңа жарлығы ол АҚШ президенті лауазымына сайланған бірінші мерзімі кезінде – 2017 жылы қабылдаған алғашқы иммиграциялық жарлығынан өзгешелеу. Алғашқы жарлық әуежайларда бейберекет жағдай туғызып, сот дауларына ұласқан еді. Ал қазіргі жарлық мұқият дайындалып, АҚШ-қа визамен келген шетелдіктердің ел аумағында белгіленген мерзімнен асатын уақытқа қалып қою мүмкіндігі жоғары екендігін көрсеткен Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметтеріне сүйене отырып қабылданған.

Дүйсенбі күні жарлық күшіне енгеннен кейін АҚШ-тың ірі әуежайларында әлдебір дүрбелең немесе қиындықтар тіркелген жоқ. Дегенмен, құқық қорғаушылар мен мигранттар қауымдастығы өкілдері АҚШ әкімшілігі енгізген жаңа тыйымды қатты сынға алып жатыр. Олар әсіресе тізімге Ауғанстанның енгізілуіне ерекше наразылық білдірді – бұл қазіргі уақытта АҚШ-қа босқындар ең көп келіп жатқан мемлекет. Трамп жарлығында АҚШ билігімен әріптестік орнатқан арнайы иммиграциялық виза алған Ауғанстан азаматтарына жеңілдіктер қарастырылған.