Израиль өз армиясы пайдаланған Patriot жүйелерін Украинаға берді

Әуе шабуылына қарсы қолданылатын Patriot жүйелері

Израиль бұрын өз қорғаныс армиясында (ЦАХАЛ) болған әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін Украинаға берді. Бұл туралы 9 маусым күні Израильдің Киевтегі елшісі Михаил Бродский хабарлады. Әңгіме Израиль армиясы 1990 жылдардың басынан бері қолданып келген америкалық Patriot жүйелері туралы болып отыр.

"Біз бір кездері АҚШ-тан алған Patriot жүйелері қазір Украинада. Бұл – Израильдің қару-жарағында 1990-жылдардың басында болған жүйелер. Біз оларды Украинаға беруге келістік. Бұл жайында, өкінішке қарай, аса көп айтылған жоқ. Бірақ Израиль әскери көмек көрсеткен жоқ деген сөздер шындыққа жанаспайды. Ол – жалған", – деп мәлімдеді елші.

Осыдан бір ай бұрын америкалық The New York Times басылымы Израильдің қару-жарағынан алынған MIM-104 Patriot PAC-2 зенит-зымыран кешендері Украинаға жөнелтілмек деп жазған еді. Бұл жүйелерді Украинаға беру жөніндегі келіссөздер былтыр маусым айында басталған.